Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі өмірден озды
ақын Қадыр Мырза Әлі 77 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген. 1958 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін, 1960 жылы аспирантурасын бітірген. 1985-62 жылдары "Балдырған" журналында әдеби қызметкер, 1962-65 жылдары "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-78 жылдары "Жазушы" баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, 1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңі 1954 жылы "Пионер" журналында жарияланғаннан бастап қаламы қолынан түспеген ақынның 1959 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы - "Көктем" жарық көреді. Одан кейін оның елуден астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. "Жаңғалақтар", "Данышпан", "Кішкене қожанасыр", "Ноян қоян", "Алуан палуан", "Ой орманы", «Дала дидары», "Бұлбұл бағы", "Ақ отау", 2 томдық "Домбыра","Жерұйық", «Ғибратнәмә», «Жазмыш», «Еңіреп өткен ерлер-ай», «Иірім», «Шырғалаң», «Алмас жерде қалмас», 2 томдық «Афоризмдер жинағы» сынды туындылары оқырман жүрегінен орын алды. Ақын бұнымен қатар 200-ден астам ән сөзінің авторы, көркем аударма саласында да елеулі еңбек етті. Шығармалары ағылшын, француз, неміс, фин тілдеріне аударылған. Артына ең көп еңбек қалдырған ақынның туындыларының жалпы көлемі 32 том. Оның 20 томдығы былтыр ақынның 75 жылдығына орай «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген болатын.
Біртуар дарын иесін соңғы сапарға шығарып салу рәсімі ертең Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрында болады.