Жазушының ұлы Дәурен Молдағалиевтің айтуынша, ақын бүгін, 10 қазан күні, таңертеңгі сағат 10 шамасында өкпе қабынуынан қайтыс болған.
Халық жазушысымен қоштасу 12 қазан күні сағат 10.00-да М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында өтеді.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, Тұманбай Молдағалиев Кеңсай зиратына жерленетін болады.
Қазақтың біртуар жазушысы 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, "Жарсу" совхозында дүниеге келді. Тұманбай Молдағалиев - сыршыл лиризмді дамытқан ақын, Қазақстанның халық жазушысы.
1956 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. Өзінің шығармашылық еңбек жолын «Лениншіл жас» газеті мен «Пионер» журналынан бастады. 1959-1970 жылдар аралығында "Пионер" журналында қызмет атқарды. 1970-1973 жылдарда "Балдырған" журналының жауапты хатшысы болды. 1973 жылдан "Жазушы" баспасы жанындағы Балалар және жастар әдебиетінің бас редакциясы мен "Жалынның" бас редакторы болып жұмыс істеді.
Тұманбай Молдағалиевтың өлең, поэмалары 40-тан астам жинақ болып басылып шықты. 1954 жылы Т.Молдағалиевтін тұңғыш өлеңі "Украина қызына" жарияланды. Ол Байрон, М.Ю.Лермонтов, Т.Г.Шевченко, С.Капутикян, Ғ.Ғұлам, Х.Ғұлам, Р.Ғамзатов, Зулфия, Д.Жалсараев және т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ақынның 1990 жылы 13 томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 1992 жылы Физули атындағы Халықаралық түркі дүниесі ақындары сыйлығы тапсырылды. Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының ең басты ерекшелігі - оның өлеңдері сезімге толы болды.