Қазақстанның халықаралық әуежайларында бірыңғай талаптар бекіту қарастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп отыр.

Заң жобасы арқылы еліміздегі автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператордың автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудағы және жол сервисін дамытудағы жауапкершілігін бекіту бойынша қызметті жетілдіру қарастырылады. Сонымен қатар, Ұлттық операторға қаржыландырудың балама көздерін тарту және біртіндеп өзін-өзі қаржыландыруға көшу мүмкіндігі беріледі.

«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 65-і қадамы Қазақстанның халықаралық транспорттық коммуникациялық ағынмен, интеграциясын қарастырады. Айта кетерлігі, оның аясында Азиядан Еуропаға транзиттің кедергісіз өтуіне әсер ететін «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі» атты мультимодалды көлік дәлізін құру жоспарланған болатын. Мұның өзі «Нұрлы жол» бағдарламасында қамтылып отыр әрі бұл Қытайдың «Жібек жолының» экономикалық белдеуі жобасымен үйлеседі. Тұтастай алғанда, осы бағытта Қытайдан Еуропаға дейін мултимодальды дәлізін дамытуға септігін тигізеді», - деді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасымен авиация саласын дамыту мақсатында Қазақстанның халықаралық әуежайларында бірыңғай талаптарды бекіту қарастырылады. Сонымен қатар, сервисті жақсарту мақсатында халықаралық мәртебесі бар әуежайлардың халықаралық стандарттар бойынша аудиттен өту талаптары бекітіледі.