Қазақстанның халықаралық резерві 104 млрд. доллардан асты - Е.Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның халықаралық резерві 104 млрд. доллардан асты. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«2014 жылғы 28 шілдедегі жағдай бойынша елдің халықаралық резерві 104 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Оның ішінде жалпы халықаралық резерв 27,7 млрд. АҚШ долларын, ал Ұлттық қор активтері 76,3 АҚШ долларын құрады», - деді министр.

Е.Досаевтың атап өтуінше, теңге бағамы түзетілгеннен кейін ағымдағы жылдың 1 тамызында инфляция 4,9 пайызды құрады. Ал азық-түлік тауарларының бағасы 5,4, азық-түлік емес тауарлар 5, ақылы қызметтер 4,3 пайызға қымбаттады.

«Үкіметтің бірінші кезекті шаралар жол картасын жүзеге асыру аясында министрлік экономиканы қолдау бойынша басымдықты міндеттерді шешуге баса назар аударды», - деді ол.