Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдың алты айында Қазақстанның ЖІӨ өсімі 0,1% құраған.
«Бірінші жартыжылдықта құрылыс (6,6%-ға), көлік қызметтері (4,3%-ға), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (2,7%-ға) және өңдеу өнеркәсібі (0,5%-ға) көлемінің ұлғаюы есебінен ЖІӨ-нің өсуі 0,1%-ды құрады», - деді Бишімбаев.
Бұдан басқа экономиканың алты негізгі салаларын қамтитын (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) қысқа мерзімді экономикалық индикатордың (ҚЭИ) өсу қарқынының оң серпіні байқалады. «Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ҚЭИ ағымдағы жылғы қаңтар-мамырдағы 99,0%-ға қарағанда 99,3%-ды құрады», - деп хабарлады министр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бірінші жартыжылдықта 8,5%-ға ұлғайды. Инвестициялардың ең салмақты өсуі ауыл шаруашылығында 48,6%-ға, өнеркәсіпте 12,8%-ға және жылжымайтын мүлікпен операцияларда 5,4%-ға байқалып отыр.
«Мұнай мен металдардың әлемдік бағасының төмендеуі нәтижесінде 2016 жылғы қаңтар-мамырда экспорт көлемі 31,8%-ға, 13,7 млрд АҚШ долларына дейін қысқарды. Импорттың 27,0%-ға, 9,2 млрд АҚШ долларына дейін төмендегені белгілі болып отыр. Нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 29,9%-ға, 23,0 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді. Дегенмен, сыртқы сауда сальдосы 4,5 млрд АҚШ доллары деңгейінде оң болып қалуда», - деді Бишімбаев.
Оның деректері бойынша елдің халықаралық резервтері 2016 жылғы 1 шілдеге 96,2 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 5,2%-ға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 3,5%-ға, 65,7 млрд АҚШ долларына дейін өсті және Ұлттық банктің алтын-валюталық активтері 9,4%-ға, 30,5 млрд АҚШ долларына дейін өскен», - деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, орташа айлық номиналды жалақының 9,9%-ға, 133,5 мың теңгеге дейін өскені белгіленді. Инфляция ағымдағы жылдың басынан бері (2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 2016 жылғы маусым) 4,6%-ды құрады.
«Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында экономиканың жоспарланған өсуін 0,5% деңгейінде қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бөлінген, оның ішінде ағымдағы жылғы 21 маусымда Үкімет мақұлдаған екінші экономикалық өсу мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасы шеңберінде бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет» - деп қорытындылады Бишімбаев.