Қазақстанның халықаралық резервтері қыркүйекте 3,1 пайызға қысқарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның халықаралық резервтері қыркүйекте 3,1 пайызға қысқарды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын-ала деректер бойынша осы жылғы қыркүйектің соңында Қазақстанның халықаралық резервтері өткен айда 3,1 пайызға қысқарып, 91,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық банктің алтын валюта резервтері қыркүйек айында негізінен алтын бағасының 4 пайызға төмендеуі есебінен, сондай-ақ Ұлттық банкте орналастырылған банктердің қаражатының қысқаруы аясында 33,8 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді», - деді ҰБ төрағасы.

Оның айтуынша, Ұлттық қордың активтері қорға түсетін түсімдер мен республикалық бюджетке кепілдік берілген трансферттің бөлінуі арасындағы теріс айырманың әсерінен, сондай-ақ пандемияның екінші рет қайталануынан қауіптенуге байланысты қаржы нарықтарындағы теріс түзету есебінен бір айда 1,36 млрд АҚШ долларына қысқарып, 57,33 млрд АҚШ долларын құрады.