Қазақстанның хоккейші студенттері қола медальмен елге оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылғы қысқы Универсиаданың қола жүлдегерлері – хоккейші студенттер елге оралды. Астана қаласының әуежайында оларды ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, жанкүйерлері және туғандары қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз 2023 жылғы қысқы Универсиаданың қола жүлдегерлерін қарсы алдық. Хоккейшілер топтық кезеңде керемет нәтиже көрсетті. Қазақстан құрамасы қатарынан төрт рет жеңіске жетті, атап өтсек, Оңтүстік Кореяны 5:1, Мажарстанды 9:1, Ұлыбританияны 15:1 және Словакияны 4:0 есебімен жеңіп, тек Канада мен АҚШ құрамаларына есе жіберді. Ал «қола» үшін ойында жапондықтарды 8:1 есебімен жеңді», - деді Қуаныш Ерғалиев.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 12-22 қаңтар аралығында Қазақстанның студенттік құрама командасы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен XXXI Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысты. Жалпы командалық есепте біздің спортшылар 11 медальмен 11-ші орынға ие болды. Яғни үш алтын, төрт күміс және төрт қола еншіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы қола жүлдегер атанды.


Фото: t.me/gylym_jogary_bilim