Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығының күн тәртібінде білім саласын дамыту туралы мәселе көтерілуі тиіс

АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығының күн тәртібінде білім саласын дамыту туралы мәселе көтерілуі тиіс.

Бүгін «Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстан төрағалығының күн тәртібі» атты тақырыпта өткен семинар-тренингте «Әл Шамс Капитал» банкінің басқарма басшысы, профессор Әділет Жәбиев осындай пікір білдірді.

«Тарихи қалыптасқан жағдайлар бойынша Қазақстан теңдессіз ғылыми әлеуетке ие болып отырғаны анық. Сонымен қатар, Ислам Конференциясы ұйымының қатарында 57 мемелкеттің болатынын ескерсек, солардың әрқайсысы да осындай әлеуетке қол жеткізіп отырған жоқ. Әрине, бұл жағымсыз болғанымен, нақты факті. Сондықтан Қазақстан төрағалық басымдығын білім саласын дамытуға бұрғаны дұрыс», - деді Ә. Жәбиев. Сондықтан да оның пайымдауынша, Қазақстан төрағалығының күн тәртібінде ислам әлеміндегі білім беру саласын қамту маңызды болмақ. Бұл ретте банк басшысы тәуелсіздік алғаннан кейін білім саласы жеткілікті деңгейде дамымай, керісінше құлдырап кеткен ислам мемлекеттерін де мысал келтірді. Бұндай құлдырау ел дамуының келешегіне де кері әсерін тигізетіні айқын. «Мәселен, Индонезия әлі күнге техникалық кадрларының басым бөлігін шет мемлекеттерде оқытып келеді», - деді Ә. Жәбиев.