Қазақстанның инновациялық жобалары Мәскеуде таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Мәскеуде «Қазақ мәдениетінің мәскеулік қоғамы «МҰРАГЕР» өңірлік қоғамдық ұйымының бастамасымен жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресей Федерациясының Қоғамдық палатасында өткен дөңгелек үстелге Ресей Федерациясының Қоғамдық палата мүшелері, РФ Қоғамдық палата сарапшылары, Мемлекеттік Думасының және Федерация Кеңесінің өкілдері, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің,  министрліктер өкілдері, білім беру және мәдениет мекемелерінің басшылары, диаспора өкілдері қатысты.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев қатысушыларға Қордың оқу, мәдени, ғылыми, шығармашылық жобалары, мысалға, қазақ тілін тегін оқытуға арналған «Soyle.kz» онлайн курсын, «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясын, «Tattialma.kz» балалар әдебиеті сайтын, «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық онлайн ойынын, «Менің Казақстаным», «Ұлы тұлғалар», «Қазақстан мерекелері» мобильді қосымшаларын таныстырды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Qazaqstan3D» Қазақстанды таныстырудағы ерекше  мультимедиялық  жолсерігін, қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен салт-дәстүрлерін, мәдени, әдеби, рухани жетістіктерін сақтауға ықпал ететін «Жеті қазына»  мобильді энциклопедиялық- қосымшасын, сонымен қатар смартфондар мен планшеттерға арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard» жаңа жобасы көпшіліктің назарына ұсынылды.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының барлық жобалары ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасының қоры және «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жасалғанын атап өту керек.

Осы іс-шара аясында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Мәскеудегі және РФ облыстарындағы қазақ диаспораларының өкілдерімен «Рухани жаңғыру бағдарламасының» негізгі мақсаттарын түсіндіру, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін, мәдениетін, әдеби және рухани жетістіктерін сақтау тақырыбында кездесулер өткізді.