«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқармасына Р.Сисембаев төраға болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқармасының 2015 жылғы 12 маусымдағы шешімімен Сисембаев Ринат Нұрияминұлы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның басқармасы төрағасының қызметіне тағайындалды.

Тағайындауға дейін Р.Сисембаев «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары қызметінде болған, деп хабарлады «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметінен.

Р. Сисембаев 1976 жылдың 9 наурызында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін экономист, менеджмент және маркетинг маманы болып тәмамдаған.

Әр жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС, «Алтел» АҚ басқарушы директоры, «Транс Петролеум Групп» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті, «Жаңа АР-Ойл» ЖШС және «Астана-Стройинтерьер» ЖШС-нің директоры, «Қарағанды отын-энергетикалық компаниясы» ЖШС директорының орынбасары болып жұмыс атқарған.

Қазақстанның инвестициялық қоры 2003 жылдың 30 мамырында құрылған, қор акцияларының 100 пайызы «Бәйтерек» холдингінің иелігінде.