Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігінде журналистер үшін брифинг өткізілді

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат. Ақпанынның 9-да Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшілігінде Корольдіктегі «Ақпараттық Петра Агенттігінің» тілшісі Маулуд Рақибатпен, «Әл-Рай (Пікір)» газетінің журналисі Халя Ғудуанмен, «Әл-Дустур (Конституция)» газетінің тілшісі Мади Йисамен, «Әл-Ғад әл-Урдуни (Иорданияның ертеңгі күні)» газетінің журналисі Халя Абу әл-Хиджлямен және ағылшын тілінде шығатын «Джордан Таймс» газетінің тілшісі Хани әл-Хазаймамен кездесу болып, оларға арналған брифинг өткізілді,

деп хабарлайды Елшіліктің баспасөз қызметі.

Жоғарыда аталған баспасөз өкілдерімен өткен мәслихат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауының негізгі қағидаларын иордания жұртшылығына түсіндіру және насихаттау мақсатында, сонымен қатар, Елшіліктің белгіленген іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Жолдаудың мәтіндері журналистерге беріліп, Елбасымыздың Жолдауда анықтап берген алдағы онжылдықта атқарар қыруар жұмыстар және де әр сала бойынша жоспарланған іс-шаралар жөнінде елші Б.Сәрсенбаев баяндап берді. Сондай-ақ, иордандық тілшілерге 2009 жылдың қарашасында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Иорданияға жасаған ресми сапарының нәтижесімен және қазіргі кездегі екі тараптың қол жеткен уағдаластықтарды іс-жүзіне асыруға бағытталған нақты әрекеттері жайлы хабарлады.

Брифингте БАҚ өкілдері Жолдауға қатысты және екі жақты ынтымақтастықтың даму келешегі жөніндегі әңгімені үлкен ықыласпен тыңдап, қызығушылық танытты.

Иорданияның баспасөз беттерінде жақын арада осы тақырып төңірегінде мақалалар жарық көреді деп күтілуде.