Қазақстанның Иорданиядағы елшісі сол елдегі сириялық босқындардың жай-күйін айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - БАҚ алдында баспасөз мәслихатын өткізген ҚР-ның Иордания Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Азамат Бердібай сол мемлекеттегі сириялық босқындардың жай-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Иорданияның экономикалық жағдайына көршілес елдердегі ахуалдар әлбетте әсерін тигізеді. Мәселен, Сириядан миллионға жуық босқынның көші өз кезегінде ауқымды экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Бүгінгі таңда сириялық босқындарға әртүрлі есептер бойынша Иордания экономикасының төрттен бірі жұмсалуда. Бұл процестерге қарамастан, Иордания Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла ІІ бен әл-Хусеиннің басшылығындағы билік саясатты сәтті жүргізіп отыр», - дейді ол.

Елшінің айтуынша, Иорданияда 9 млн халық бар деген күнде оның 2,5 миллионы шамамен Сириядан немесе басқа елден келген босқындар екен.

«Бұл елдің бюджетіне айтарлықтай салмақ салып тұрғанын атап өту керек. Босқындар көші экстремистік идеялардың таралу қаупін де туғызады. БҰҰ бұл елге Сириядан 650 мың босқын келді десе, Иорданияның ресми билігі 1,4 млн босқын келгенін алға тартады. Менің өзім де бұның куәсі болып, Иорданияның солтүстігіндегі лагерьлерде босқын отбасыларды көрдім. Әртүрлі есеп бойынша босқындардың 140 мыңы балалар. Босқындардың балалары иорданиялықлардың балалары оқитын мектептерде білім алып жатыр. Бала саны артып кеткендіктен, білім ордаларында үш ауысымда сабақ жүреді», - дейді елші.

Азамат Бердібай сонымен қатар, Араб-Израиль соғысынан бері 1 миллионға жуық босқын Иорданиядан пана тауып отырғанын айтады.

«Иордания СІМ-нің ресми ақпаратына сүйенсек, Сирия босқындар үшін жылына бюджеттен 2,5 млрд АҚШ долларын жұмсайды. Соңғы жылдары 10 млрд АҚШ доллары босқындардың лагерьлерін ұстау, олардың денсаулығы мен біліміне жұмсалған. Осыған қарамастан, Иорданиядағы реформалар осы елдің тұрақтылығын сақтап отыр», - дейді елші.