Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ-ның басқарма төрағасы Азамат Ибадуллаев айтты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚИК бұған дейін ипотекалық несиелендіруді екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырып келген еді. Ал жеке несиелендіруге көшуге ҚИК Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігіне сәуір айында өтініш берген болатын. Агенттік мақұлдаған соң ҚИК тарапынан дайындық жұмыстары жүргізіле бастаған еді.
Азамат Ибадуллаевтың айтуынша, қазіргі кезде екінші деңгейлі банктерде ҚИК талаптарына сай келетін несиелік бағдарламалар жоқ. Соның нәтижесінде ҚИК жеке несиелендіруге көшкен. «Өз несиелендіру бағдарламамызды жүзеге асыру арқылы ипотекалық нарықты да жандандыруды көздейміз», - деді А.Ибадуллаев. Оның сөзіне қарағанда, ҚИК тұрғын үйді сатып алу, салу, көппәтерлі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, коммерциялық мүліктерді сатып алу, жөндеуді несиелендірумен қатар, тұтынушылық несиелер бермек. Барлық бағдарлама бойынша несиелендіру мерізімі 3 жылдан 20 жылға дейін. Несиелеу бойынша ең төменгі пайыздық мөлшерлемесі 15,5 пайыздан 17,5 пайыз аралығында.
ҚИҚ басқарма төрағасының айтуынша, несиелендіру қазірше Алматы мен Астана қалаларында жүзеге асырылады. Бұл бағытта ҚИК тарапынан 600 миллион теңге бөлінген. «Егер жоба сәтті жүзеге асып жатса, әр өңірдегі 12 аймақтық орталықтарымыз арқылы бүкіл Қазақстанды қамтимыз. Бұл мақсатта келесі жылы 7 миллиард теңге бөлінеді», - деді А.Ибадуллаев.
ҚазАқпарат анықтамасы: «ҚИҚ»ИҰ» АҚ 2000 жылдың желтоқсан айында құрылған. Негізгі акционері ҚР Қаржы министрлігі болып табылатын компания пайыздық мөлшері төмен несиеге тұрғын үй сатып алу, Қазақстанда ипотекалық несие беруде қолжетімділікті қалыптастыру бағытында жұмыс істейді.