«Экологиялық жағдайды жақсартудың нақты мүмкіндігі – ол озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу болып саналады. Бұл үшін өнеркәсіптік кәсіпорындар технологиялық аудиттен өтеді, оның аясында шығарындылардың көлемін азайтуға мүмкіндік беретін технологиялар анықталатын болады. Әрекет ететін ірі ластағыштар үшін озық қолжетімді технологияларға көшуді кезең-кезеңмен жүргізу ұсынылады», - деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.
Оның сөзіне қарағанда, бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен-металлургия, химия және электр энергетикасы салаларынан елдегі шығарындыларының 80 пайызы тиесілі 50 ірі кәсіпорынды ОҚТ-ға көшіру жоспарланып отыр. 2023 жылдың соңына дейінгі кезеңде кешенді технологиялық аудит негізінде ОҚТ-ның салалық анықтамалықтары әзірленетін болады.
2024-2025 жылдары ОҚТ анықтамаларының негізінде кешенді экологиялық рұқсаттарды беру жоспарлануда.
«Кәсіпорындар 10 жыл бойы экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес ОҚТ-ны ендіретін болады. Бұл ретте озық қолжетімді технологияны енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер олар ОҚТ-ға көшпесе, олардың эмиссия үшін төлем ставкалары өседі. Тиісінше, бұл тыйым салу емес, ынталандыру тетігі», - деп түсіндірді Мырзағалиев.
Оның айтуынша, ОҚТ-ны ендірудің үлгісі ретінде еуропалық елдердің тәжірибесін алуға болады, онда ластаушы заттар шығарындыларының көлемі едәуір қысқартылған. Атап айтқанда, азот тотығы (NO2) – 69 пайызға, күкірт тотығы (SO2) – 94 пайызға, шаң/қатты бөлшектер – 94 пайызға төмендеді.