Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Айткүл Самақова осылай мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, былтыр қабылданған халықтың көші-қоны мәселелеріне арналған заң бойынша мемлекеттік миграциялық саясаттың негізгі міндеті ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру болып табылады. Сонымен қатар, құжатта ел аумағында көшіп-қонушыларды дұрыс орналастыру шаралары қарастырылады.
«Дегенмен, бүгінгі таңда еліміздің ішкі көші-қон үдерістері әлі реттелмей отыр. Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын шамамен 3 мыңға тарта қазақстандық белсенді көші-қон ықпалында тұрады. Елдің ішкі аумағында әркім өз қалауынша көшіп жүр. 1991-2007 жылдар аралығында ішкі мигранттардың үлесі халықтың жалпы көші-қон үдерісінің 70 пайызын құрады. Бұл аталған кезеңде 4,7 млн. қазақстандық ел ішінде көшіп-қонды дегенді білдіреді», - дейді А. Самақова.
Депутаттың пайымынша, ішкі көші-қонның негізін ауылды жердің халқы, оның ішінде жергілікті ұлт өкілдері құрайды. «Жаппай қалаға ауған олар, үлкен қалалардың маңын игеруге кірісіп жатыр. Бұның салдарынан ауқымды проблемалар орын алуда. Әлеуметтік шиеленіс өршуде. Жастар қалаға ауғандықтан бірқатар ауылда құлдырау сипаты көріне бастаған. Тоқтала кететін тағы бір жайт, қолданыстағы заңға сәйкес ішкі көші-қон квотасы 2015 жылдан бастап енгізіледі. Әйткенімен объективті үдеріске саналатын халықтың қалаға ағылуы жалғаса бермек. Ендеше біздің ойымызша Қазақстанның ішкі көші-қонын реттейтін арнайы бағдарлама қабылдаудың маңызы зор болмақ», - деді А. Самақова.