12:28, 17 Сәуір 2009
Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы жұмыссыз әйелдерді қайта мамандандыру курстарынан өткізуде
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Салтанат сарайында әртүрлі мамандықтар бойынша қайта оқыту курстарынан өткен қаланың жұмыссыз әйелдеріне сертификаттар табыс етілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның жұмыссыз әйелдерін еңбек нарығында аса сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқыту жобасы Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен жүзеге асырылуда. Қауымдастықтың Астанадағы Орталық кеңсесі бастығының міндетін атқарушы Роза Жақсыбекованың атап көрсеткеніндей, үстіміздегі жылғы наурыздың 31-і күні басталған жобаны жүзеге асыруға «Шеврон» компаниясы демеушілік етті. Іріктеуге Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік жобалар басқармасында тіркеуде тұрған және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар арқылы келген жұмыссыз әйелдер қатысты. «Іріктеуден өткен қырық әйел ақысыз негізде даяшы, наубайшы-аспазшы, бала бағушы-тәрбиеші, бала бағушы-үй күтуші және басқа да мамандықтардың қыр-сырын игерді. Оларды оқытумен «Мұрагер-Астана» білім беру кешенінің, «Думан» қонақүй кешенінің, «Пицца-сити» пиццериясының, «Риксос» қонақүйі мен «Салтанат сарайы» аспаздық цехының мамандары айналысты. Ең бастысы Іскер әйелдер қауымдастығы оқытудан кейін олардың міндетті түрде жұмыспен қамтылуын қадағалайтын болады», деді ол. «Шеврон» компаниясы алғашқы жоба сәтті аяқталған жағдайда қаржыландыруды жалғастыруды көздеп отыр. Барлығы алдағы 7 ай ішінде 200-ге жуық жұмыссыз әйелді қайта мамандандыру жоспарланған.