Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығына 15 жыл толды

АНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығына 15 жыл толуына орай Астанада республикалық конференция өтуде.

Конференцияға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, қауымдастықтың 18 өңірлік филиалдарының басшылары, әйелдер саясаты бағытында әріптестері ЮСАИД ұйымының мамандары, ҚР Президенті жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия өкілдері қатысуда.

«Қазақстанның әйелдер қозғалысының бастауларында Іскер әйелдер қауымдастығы тұрды. Сол мезеттен, 90-шы жылдардың орта кезінде біз үшін жаңа болып табылған «гендер», «кәсіпкерлік», «әйелдер қозғалысы», «әйелдердің қатысуы» деген түсініктер ене бастады. Осы істің бас-қасында қауымдастық жүрді, елімізде осы түсініктерді жандандырды, жаңа үлгіде жұмыс жасай бастады»,-деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, ұйым әйелдердің кәсіпкерлік, саясат салаларындағы мүдделерін қорғау, сонымен қатар әйелдерді жұмыспен қамту, біліктілігін арттыру, отбасы және денсаулық сынды әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатын ұстанып келеді. «15 жыл жыл ішінде біз мыңдаған әйелге көмек қолын созып, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға септестік. Жыл сайын біздің қауымдастыққа 5 мыңнан аса әйел қатынасады»,-деп атап көрсетті Р.Сәрсембаева.

Оның айтып өткеніндей, қазіргі уақытта қауымдастық негізін қалап отырған 1 мыңға тарта мүше бар. «Қазақстан өңірлерінде, қалаларында ұйым жұмысын, бастамаларын, идеялары мен бағдарламаларын іске асыратын негізгі күш те осы белсенді мүшелер, алдыңғы қатарлы әйелдер»,-дейді ол.

Республикалық отырыста Іскер әйелдер қауымдастығы өңірлік филиалдарының өкілдері 2010 жылғы өздерінің сәтті бағдарламалары мен жобаларын қорытындылап, ұйымның 2011-2013 жылдарға арналған даму жоспарын қабылдайды.