Байқаудың мақсаты - жас әйелдер арасында белсенді өмірлік позицияны қалыптастыру, Қазақстан іскер әйелдерінің имиджін көтеру, сондай-ақ бизнесте, қоғамдық өмірде, саясатта және шығармашылықта табысқа жеткен әйелдің образын қалыптастыру.
Бизнес-ханымдардың конкурсы үш кезеңнен тұрды: өз жобасы туралы видеотаныстырылым, эрудиция және шығармашылық номер.
«Байқауға қатысқандардың барлығы да ерекше әрі сұлу. Олар өз аймақтарында өткен іріктеу кезеңнің жеңімпаздары. Мұнда кілең мықтылар жиналды», - деді әділқазылар мүшесі, Синергия университетінің президенті Бауыржан Қасымбіргебаев.
Нәтижесінде, ақтөбелік «Mediapro» балалар продюсер орталығының басшысы Жанаргүл Досова жеңіске жетті.
«Бізде шығармашылық академия бар. Онда балалардың вокал, актерлік шеберлік, хореография сынды бағыттарда білімі мен қабілетін ұштаймыз. Бізде көптеген киножобалар, кинофестивальдер бар. Сондай-ақ, балалар тележобаларға да қатысады. Ал мен сахнаға шықсам деп армандайтынмын. Сол армандарымның барлығы орындалуда», - деп бөлісті әсерімен Жанаргүл Досова.
Республикалық байқау Астана әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен өтті.