Қазақстанның іскер әйелдері Түркістанды дамытуға үлес қосады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаевамен кездесті. Басқосуға  қауымдастықтың Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өкілдіктерінің жетекші ханымдары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымдарымен болған кездесуде  жаңа Түркістанның болашақтағы кескін-келбеті, алдағы жоспарлары кеңінен сөз болды. Нәзік жандар қауымы өңір басшысын жан-жақты қолдайтындарын, аймақты одан әрі көркейтуге өз үлестерін қосуға әзір екендіктерін жеткізді.  Барша іскер әйелдер қауымының атынан сөз алған Раушан Сәрсембаева Түркістан облысының әкімдігімен бірлескен жобалар жасау жөнінде ұсыныс айтты. Іскер ханым бүкіл түркі тілдес халықтардың ата жұрты - Түркістандағы қызмет көрсету сапасын халықаралық талаптарға сай етіп ұйымдастыруға атсалысқысы келетінін жеткізді. Туристер көп келетін орталықтағы сервис мәселесін арнайы мамандарды оқыту арқылы дамытып, кәдесый жасау орталықтарын да көптеп ашуды мақсат етіп отыр. Әйелдер қауымдастығының түрлі салаларда тәжірибеге бай екенін айтқан ол Түркістан шаһарының дамуына нәзік жандардың қуаты мен күшін жұмсауға ниетті екенін білдірді.

 Жиынға қатысушы қыз-келіншектердің ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған жобаларды бірлесе әзірлеуге дайын екенін, алдағы уақытта түрлі жұмыстарды біріге атқаруды қолдайтынын атап өтті.