Қазақстанның кадастрлық ақпараты кез келген адамға қолжетімді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның кадастрлық ақпараты кез келген азаматқа қолжетімді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, биылдан бастап Қазақстанда онлайн режимде ауыл шаруашылығы жер учаскелерінің қандай экономикалық қызмет субъектілеріне жататынын қадағалауға мүмкіндік пайда болды. http://aisgzk.kz/ адресі бойынша орналасқан мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (МЖК ААЖ) интернет-ресурсында барлық негіздер мен нормативтік құқықтық актілерді көрсете отырып, жер учаскесін алған субъектілер туралы толық ақпарат ашық көрсетілген», - делінген министрлік мәліметінде.

Жүйені енгізудегі негізгі мақсат - жеке және заңды тұлғаларға, мемлекеттік органдар мен мекемелерге кадастрлық ақпаратты ұсынудың ыңғайлы және функционалдық тәсілін іске асыру.