Қазақстанның қалаларында адамдардың киноға неге бармайтыны белгілі болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Астана мен Алматы шаһарларынан өзге қалаларда кинотеатр желісі дамымаған. Бұл туралы «Меломанның» бас директоры Вадим Голенко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде кинотеатрлар айтарлықтай жетіспейді. Орташа алғанда 70 мың Қазақстан азаматы киноға барып тұрады. Кейбір фильмдер 200-ден 300 мыңға дейін көрермен жинайды, бірақ бұл көрсеткіштен аспайды. Елімізде 17 миллион тұрғын бар, соған қарамастан халықтың арасында киноға бару мәдениеті тиісті деңгейде дамымаған»,-деді ол ҚР «Кинематография туралы» заң жобасын әзірлеу мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» отырысында.

Оның айтуынша, кинолар көрсетілімінен негізгі түсімнің 85 пайызы Астана мен Алматыға тиесілі болып отыр, ал өңірлерде бұл сала артта қалған көрінеді.

Өңірлерде кинотеатрларды ашу мәселесіне тоқталған ол, бизнес өкілдеріне осындай нысандарды іске қосу айтарлықтай қиындау екенін жеткізді.

«Себебі кинотеатрдың құны 5-7 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте құрылыс жұмыстарынан бастап, жабдықтарды сатып алуға дейінгі шығындар осындай көлемдегі қаржыны талап етеді. Барлық құралдар шетелден сатып алынады. Сондықтан кинотеатрларды құру қомақты қаржыны талап етеді. Қанша кино түсіргенімізбен, егер контентті көрерменге дейін жеткізе алмасақ, адамдар бұл фильмдерді көрмейді»,-деді В. Голенко.

Оның пайымынша, аталған кемшіліктердің салдарынан негізігінен жақсылықты насихаттайтын, тәрбиелік мәні зор ұлттық фильмдер аудиториядан бөлектеніп тұра беруі мүмкін.

«Осыған назар аударып, мүмкін бизнеске көмектесу керек шығар немесе жөндеуден өткен мәдениет үйлеріндегі жабдықтарды жаңарту қажет болар. Шағын қалаларда адамдар тек жұмыс істейді, сосын қалған уақытын үйінде өткізеді, ал кейбіреулері табиғатқа шығып келуі мүмкін. Сондықтан да мәдениет үйлері тұрғындарды жинай алатын маңызды орын болып табылады және сол жерде адамдарға жақсы туындыларды көрсетуге болар еді»,-деді «Меломан» басшысы.