Қазақстан мен Иордания арасындағы аталған келісім 2017 жылдың қарашасында Астанада бекітілді.
Заң жобасының негізгі мақсаты - уағдаласушы мемлекеттердің қылмыстық істер бойынша тергеу жұмыстары, қылмыстық қудалау және сот талқылауларын жүргізуде көмек көрсетуі.
«Екі ел арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай жоғары деңгейде. Қазіргі кезде қорғаныс өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және энергетика саласында белсенді өзара іс-қимылдар іске асырылуда. Аталған келісім стандартты құжат, сондай-ақ осындай келісімдер 25 елмен жасалды. Қазіргі мұндай құжаттарды Кубамен, Грекия және Македония елдерімен бекіту жұмыстары пысықталуда», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин.
Келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуді көздейді. Сонымен қатар, құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібі және одан бас тартудың негіздері айқындалған.
Сенатор Владимир Волковтың сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан көптеген елдердің туристері үшін тартымды болып келе жатыр, сондай-ақ еліміз азаматтарының шетелге сапарлары да жиілеуде.
«Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанға 195 елден 6,8 млн шетелдік келген. Оның ішінде Иорданияның 616 азаматы бар. Адамдар шетелге шыққанда түрлі жағдайларға тап болып жатады. Осы орайда бұл салада құқықтық реттеудің қажеттігі артып келеді», - деді депутат.
В. Волковтың айтуынша, ресми статистика бойынша қазіргі кезде Қазақстанның 947 азаматы шетелде сотты болған. Ал 1 169 шетелдік Қазақстанда сотталды. Олардың барлығы құқықтық көмекке мұқтаж екендігі түсінікті.