Қазақстанның қаржы полицейлері кәсіби мерекелерін атап өтуде
Қаржы полициясы органдарының тарихы 1994 жылғы 6 маусымнан бастау алады. Осы күні Қазақстан Республикасы Үкiметiнің қаулысымен Қаржы министрлiгiнiң салық қызметi құрамында Салық милициясы басқармасы құрылды.
1995 жылғы 24 сәуiрде Қазақстан Республикасы Президентінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң күші бар Жарлығымен салық полициясы органдарының мәртебесі мен құрылымы одан әрі құқықтық негіз алды.
1997 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Жарлығымен Қаржы министрлігі Салық полициясы комитетінің Бас басқармасы негізінде Қаржы министрлігінің Салық полициясы департаменті құрылды.
1997 жылғы 8 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен салық полициясы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, заңнамада белгіленген шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асыру бойынша арнайы құқық қорғау органы мәртебесіне ие болды.
2001 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі құрылды. Оған қаржылық және экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу міндеттері жүктелген.
2002 жылғы 4 шiлдеде «Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
2003 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігі Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) болып қайта ұйымдастырылды.
2005 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін (қаржы полициясы) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде қайта ұйымдастыру туралы Жарлығына қол қойылды.
2010 жылғы 17 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаржы полициясы органдарына экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеудің дербес құқығы берілді.
Бүгінгі күні қаржы полициясы органдары сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға, анықтауға және жолын кесуге, адам мен азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қол сұғатын экономика және қаржы саласындағы қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы іс-әрекеттерді ашуға және тергеуге бағытталған құқыққорғау қызметін атқаратын арнайы мемлекеттік органдар болып табылады.
2011 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа мейрамдардың тізіміне 6 маусым - Қаржы полициясының күні енгізілді.
Осы күні Қаржы полициясы агенттігінде және қаржы полициясы органдарының аумақтық департаменттерінде салтанатты жиындар өтті. Қызметінде жоғары жетістіктерге жеткен қызметкерлер ведомствалық наградаламен марапатталды. Салтанатты жағдайда жас қызметкерлер ант қабылдады.