Қазақстанның кәсіби Парламентіне бүгін 20 жыл толды - Мәжіліс спикері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның қос палаталы кәсіби Парламентіне 20 жыл толды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата спикері Қабиболла Жақыпов аталған датаға орай әріптестерін құттықтап, олардың еңбегіне табыс тіледі.

«Дәл бүгін Парламент 20 жасқа толды. 1996 жылдың 20 қаңтарында Қазақстанның қос палаталы Парламенті өз жұмысына кіріскен болатын. Сондықтан да, баршаңызды осынау тарихи датамен құттықтаймын. Сонымен қатар, осыдан дәл 4 жыл бұрын, 2012 жылдың 20 қаңтарында бесінші шақырылған Мәжіліс те өз қызметіне кіріскен болатын. Бұл да біз үшін ерекше күн»,- деп атап өтті спикер Қ. Жақыпов.

Айта кетейік, Қазақстанның кәсіби қос палаталы Парламенті елдегі конституциялық реформалар нәтижесінде 1996 жылы алғаш ресми қызметке кірісті.

Сонымен қатар, өткен аптада бесінші шақырылған Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы депутаттардың өздері бастама көтерді. Мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының атына Үндеу жолдаған болатын. Қазір бұл бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жұртшылықтың басым бөлігі әлемдік ахуалды, ішкі бағдарларды ескере келе, бұндай жағдайда мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасына қолдау білдіруде.