Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырады.

Одақ кеңсесінде өткен брифингте «Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы» Қоғамдық бірлестік төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуді жария етті.

«14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы бұл бастаманы толығымен қолдайды», - делiнген үндеуде. «Мемлекет басшысы әрқашан әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың маңыздылығын айтып, әйелдердің экономикалық және қоғамдық-саяси өмірге қатысуын қолдап отырады. Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнестің 70 пайызында әйел кәсіпкерлер. Қазақстан әйелдері іскерлік кәсіби белсенділігін танытатын көп саланы игерген.

Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті, сондай-ақ іскерлік белсендікті қолдау жұмыстарын жалғастыру қажеттілігін атап өткен болатын. Бұл орайда кәсіпкерлікті дамытуға бар жағдай жасалуда», деп хабарлады одақ мүшелерi.

Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы Жаңа Экономикалық саясат жоспарында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуда.

«Біз Мемлекет басшысының басқаруымен Қазақстан қиындықтарды жеңіп, «Нұрлы жол» бағдарламасында қойылған мақсаттарға жететінімізге зор сенім білдіреміз. Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы 2015 жылы ҚР Президентінің сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға және осы бастамаға қосылуға шақырады», делінген үндеуде.