Қазақстанның кәсіпкерлікті дамытуда ұзақ мерзімді стратегия ұстануы өте ұтымды қадам болды - шетелдік баспасөз
Сондықтан да болар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекше екпін салды.
Президент жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ел экономикасын әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болатындығын ерекше атап көрсетті. «Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер тобын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады. Осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Оны "Бизнестің жол картасы-2020" деп атауды ұсынамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады» деп атап өткен Президент сөзінде өзі жүктеген міндеттердің қандай бағыттар бойынша жүзеге асырылатындығын да нақты көрсетіп берді. "Бизнестің жол картасы-2020" кәсіпкерлер үшін де, сол секілді банктер мен инвесторлар үшін де шикізаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер ашады», деді Елбасы. Олай болса, алдағы онжылдықта кәсіпкерлік саласының ерекше даму, өрлеу кезеңін бастан өткереді деуге толық негіз бар. Президенттің кәсіпкерлік саласын дамытудағы алдыға қойып отырған міндеттерді көптеген мемлекеттер мойындап отыр. Оған қатысты отандық және шетелдік ақпарат құралдарында да жарияланып жатқан мәліметтер аз емес. Ал кейбір республикалар тіпті кәсіпкерлік саласын дамытудың қазақстандық үлгісін өз елдерінде тәжірибеге енгізуді қолға алыпты.
Бұл турасында минскілік сарапшылар «Біздің Кедендік одақтағы әріптесіміздің кәсіпкерлікті дамыту саласындағы тәжірибесін Беларуста та қолдану керек», деген екен. Беларустық сарапшылардың пікірлерінше, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қазақтар жүргізіп отырған саясаттың ерекшелігі Қазақстанда кәсіпкерлік пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастар ұзақ жылдарға бағытталып отыр. «Мұндай шара кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың болашаққа зор үміт артуына ықпал етіп отыр», дейді Минскінің кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің астаналық одағының төрағасы Владимир Карягин «Интерфакс-батыс» агенттігіне берген сұхбатында.
Оның пікірінше, бүгінде қазақ жерінде өздерінің шағын бизнестерін жолға қойып отырған азаматтар ертең ірі кәсіпорындарға айналып, олар өзге мемлекеттермен бірлескен ұжымдар құратындай жағдайға жетулері тиіс. «Бұл бағытта қазір Қазақстанның қаржы жүйесін жан-жақты жетілдіру жұмыстары қолға алынуда. Ал біз аталмыш мәселеде біршама кейіндеп қалып отырмыз. Қазақстанда кез-келген жоба бизнес қауымдастықтарының назарына жеткізіліп, солармен келісіліп алмайынша, оған қатысты мемлекет тарапынан қандай да бір шешім қабылданбайды. Бұл ретте Қазақстанның әсіресе ұзақ мерзімді стратегия негізінде жұмыс істеп жатқандығы өте ұтымды қадам болды. Қазақтардың жаңа технологияларға ерекше көңіл бөліп отырғандығы, әсіресе кәсіпкерлік саласының әлеуетін көтеруге күш салып отырғандығы да тиімді шара. Осы жұмыстардың нәтижесінде қазір қазақстандық кәсіпкерлерді барлық әлемдік деңгейдегі көрмелер мен жәрмеңкелерден және экономикалық форумдардан көруге болады. Бүгінде Қазақстан Үкіметі тіпті кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру үшін де қаржы бөліп отыр», дейді В.Карягин.
Оның пайымдауынша бүгінде Беларус еліне Қазақстан басшысының өз елінде жаңа инновацияларды енгізіп, жаңа нарықтарды игере алатын және тәуекелге бара алатын өте қуатты кәсіпкерлік әлеуетті қалыптастыру жөніндегі мақсаттарынан көп үлгі алса игі іс болмақ. «Қазақстан Президенті Парламент депутаттарына экономиканы әртараптандырудың негізгі күші кәсіпкерлік», дей келе үкіметке 2010 жылы елдің аймақтарында кәсіпкерлікті дамытуға байланысты бірыңғай бюджеттік бағдарламаның қабылдануын қамтамасыз етіп, оны «Бизнестің жол картасы - 2020» деп атауды ұсынды. Енді аталмыш бағдарлама бойынша бөлінетін қаржы несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау мен шағын және орта бизнесті ішінара несиелеуге, сондай-ақ бизнесті жүргізуге қажетті қызметтерді қамтамасыз ету, кадр дайындау және олардың біліктіліктерін арттыру, жұмыс орындарын ашуға жұмсалады», дейді кәсіпкерлер одағының төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда бүгінде Беларус елі де осындай шаралардың қажеттігін біртіндеп мойындай бастады. Бұны «Бизнестің ұлттық платформасы» жобасының талқылану жұмыстарының аяқталуға таяу қалғанымен байланыстыруға болады. Аталмыш құжатта қазақстандық және әлемдік тәжірибе кеңінен көрініс тапқан. Яғни Беларус мемлекетінде де «беларустық бизнесті дамытудың» ұлттық картасын дайындау ұсынылып отыр. Сонымен қатар қазір кәсіпкерлікті қаржыландыру жөніндегі тәжірибені беларустықтар да енгізе бастады. Натырақ айтқанда, Минскінің қалалық атқару комитеті кәсіпкерлікті дамытуға 20 миллиард рубль бөлген. Бұл тәжірибеден үлгі алып отырған Минск облысы аталмыш мақсатқа 5 миллиард рубль бөлген және аталған қаржының барлығы бизнес-жобаларды қаржыландыруға жеңілдетілген несие бөлуге жұмсалмақ. «Әрине, біз мысалға келтірген қаржы бүкіл елдегі бизнесті түбегейлі өркендетіп жібереді деп айта алмаспыз. Ең бастысы, бұл бағытқа алғашқы қадамдар жасалды», дейді В.Карягин.
Ал беларустық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Георгий Бадейдің пікірінше, бүгінде Беларус елінде бірінші кезекте әкімшілік кедергілерді жойып, кәсіпкерлік саласын тексеруге тыйым салу қажет. Сонымен қатар тауар бағасының қалыптасуына кедергі келтірмей, салық жүйесін оңтайландырған жөн. «Ал Қазақстанда аталмыш мәселелердің барлығы шешілген. Сондықтан да олар шағын және орта бизнесті дамытудың болашағын ойластыруда. Сондай-ақ Қазақстанның «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы «Қазақстан-2030» бағдарламасының заңды жалғасы іспеттес. Бұл ретте Қазақстан бізге жақсы үлгі көрсетіп отыр. Сондықтан Беларус мемлекетіне де бизнес қауымдастығы өкілдерінің ұсыныс-пікірлеріне сүйене отырып, осы тектес құжат дайындау қажет», дейді мамандар.
Беларус елінің экономисі Алексей Беляевтың пікіріне сүйенсек, Қазақстанның Кедендік одақ аясындағы экспорттық әлеуеті осы ұйымның талап-тілектерімен жақсы үндеседі. «Беларус мемлекеті мұнай қоры 90 миллиард баррель болатын, ауыл шаруашылығы өнімдері 112 милллиард, ал тауар айналымы 900 миллиард доллар болатын ортақ нарық қалыптастыруға толық мүмкіндігі бар. Бұл дегеніңіз үлкен өндіріс кооперациясы, жаңа жұмыс орындары, қосымша инвестициялар мен технологиялар. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Астаналықтар мұны барынша айқын сезіп, түсініп отыр», деп атап көрсетеді А. Беляев.