Қазақстанның кәсіпқой бокстағы аса ауыр салмақтағы чемпионы Шымкентте американдық боксшымен жекпе-жек өткізеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 18-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның кәсіпқой бокстағы аса ауыр салмақтағы чемпионы Талғат Досанов мамырдың 9-ы күні Шымкент қаласында американдық Уилли Чепменмен жекпе-жек өткізеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Талғаттың келесі жекпе-жегі де өз елімізде өтеді. Қарсыласы ? американдық Уилли Чепмен. Ол бұған дейін 21 кездесуде жеңіске жетіп (бесеуі нокаут), 29 кездесуде ұтылып, 1 жекпе-жекті тең аяқтаған боксшы. Одан кейін алдағы 1,5 айдың ішінде, PABA, WBO Asia Pacific-тен жарыстар ұйымдастырам», дейді «Ұлан боксинг» промоутерлік компаниясының жетекшісі Ерік Жайлауов. Кәсіпқой бокста 2001 жылдан бері өнер көрсетіп жүрген Талғат Досанов бұған дейін Е. Жайлауовтың промоутерлігімен әлемнің әр қиырында 25 рет жекпе-жек өткізді. Оның 13-інде мерейі үстем болып (алтауын нокаутпен), 11-інде жеңіліп, біреуін тең аяқтады. Оның ең соңғысы кеше Алматыда болды. Онда Талғат Досанов Қазақстанның кәсіпқой бокс тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атағы үшін ұйымдастырылған жекпе-жекте алматылық Қанат Алтаевты 3-ші раунда нокаутпен ұтып, зор мәртебеге ие болды.