Қазақстанның «Қазсат-2» байланыс серігі ұшырылғаннан кейін шамамен он сағаттан соң есептелген орбитаға шығады

«БАЙҚОҢЫР» ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Астана уақыты бойынша таңғы сағат 05.16-да Байқоңыр ғарыш айлағынан «Бриз-М» блогының сүйемелдеуімен «Протон-М» ғарыштық зымыраны және «ҚазСат-2» (Қазақстан Республикасы), «ОС-2» (СЕС-3», АҚШ) спутниктері ойдағыдай ұшырылды. «Протон-М» зымыранының ұшырылуын ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев, қазақстандық делегация мүшелері бақылады.

Ұшудан кейінгі 600-ші секундта блогтың басқы бөлігі (серікпен бірге «Бриз-М» блогы) зымыранның үшінші сатысынан ажырады.

Қазақстанның Үкімет басшысы Қазақстан мен Ресей ғарыш ведомстволарының басшыларын «Протон-М» ғарыштық зымырынаның ойдағыдай ұшырылуымен құттықтады.

Мамандардың есептеуі бойынша «Қазсат-2» серігі бүгін Астана уақыты бойынша 14 сағат 56 минутта блогтан ажырайды. Ал американдық «ОС-2» спутнигі орбитаға одан бір сағат бұрын шығады.