Қазақстанның Кеден одағы елдерімен өзара саудасы 20 млн. долларға жуықтаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстан Республикасының Кеден одағы елдерімен өзара саудасы - 19 665,2 млн. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт - 5 207,3 млн. долларды, ал импорт - 14 457,9 млн. долларды құрап отыр.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің хабарлауынша, аталған көрсеткіш 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 20,1 пайызға аз. «Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының экспорты құрылымында көпшілігін минералды өнімдер (47,3% Кеден одағы елдерінің барлық экспортының көлеміне), металдар және олардан жасалған бұйымдар (23,4%), химиялық өнеркәсіп өнімдері (12,9%), мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары (5,4%) құрады. Ал Ресей Федерациясынан және Беларусь Республикасынан үлкен дәрежеде машиналар және жабдықтар әкелінді, бұл жалпы Кеден одағы елдерінің импорты жалпы көлеміне 32,1 пайызды құрайды», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, импорт ауқымында елімізге минералды өнімдері (15,0%), химиялық өнеркәсіп өнімдері (13,3%), металдар және олардан жасалған бұйымдар (13,0%), мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары (12,1%) әкелінген.