Қазақстанның Кеден одағына қатысу перспективалары

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2010 жылдың басынан Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағы жұмыс істей бастады. 2010 жылғы 1 шілдеде Кеден одағының Кедендік кодексі қабылданды.

Одақ жұмысы басталғанға дейін үш мемлекеттің экономикалық әлеуетін зерделеу жөнінде көптеген шаралар жүргізілді және үш елдің экономикалық қатынастарын реттейтін заңнамалық актілер жобаларын жасау жөнінде орасан жұмыс атқарылды.

Дүниежүзілік банк сарапшылар топтарының бағалауынша, Қазақстанның өндірістік секторларының көпшілігінде өндіріс көлемі өсуде, соның ішінде Кеден одағы тарапынан қорғаудың арттырылуы нәтижесінде киім, жиһаз, машиналар мен жабдықтар, автомобильдер мен көлік жабдықтарын шығару өсті, сондай-ақ одақ елдерімен бәсекелестік өсуі себебінен өндірушілердің өнім көлемін арттыруға ықыласы арта түсті.

Бірыңғай кедендік кеңістіктің бөлігі бола отырып, 17 миллионға тарта халқы бар Қазақстан 170 миллиондық нарыққа ие болды. Өзара инвестициялар туралы айтар болсақ, бүгінде Қазақстанда қазірдің өзінде Қазақстан мен Ресейдің 3,5 мыңнан астам бірлескен кәсіпорындары және беларусь капиталының қатысуымен - 70-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстанға қазірдің өзінде 3 миллиард долларға жуық тікелей инвестициялар тартылды, ал Ресейге қазақстандық инвестициялар 1,1 млрд. долларды құрады, Беларусьқа 6 млн. долларға жуық инвестиция салынды.

Республикада бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалды. Салыстыратын болсақ, Қазақстанда табыс салығы мөлшерлемесі 20 пайызға, Беларусьта - 24 пайызға, Ресейде - 20 пайызға тең. Қазақстанда қосылған құн салығы мөлшерлемесі - 12, Беларусьта - 20, Ресейде - 18 пайызды құрайды. Одақтың негізгі жетістігі КО мүше-елдерінің біріндегі еркін айналыстағы отандық өндіріс тауарлары мен шетелдік тауарлардың еркін жылжуы; тауарлардың еркін айналымға шығу мерзімінің қысқаруы; лицензиялау, рұқсат беру, халықаралық сауда қатысушыларына квоталарды сақтау сияқты талаптардың КО мүше-елдері арасындағы тарифтік емес реттеу шараларын алып тастау болды. Кеден одағы құрылғанға дейін тауарларды тасымалдау уақытының жартысынан көбін кедендік шекараларда кедендік рәсімдеу шараларына байланысты қаңтарылып бос тұрып қалатын уақыт алатын. Кедендік рәсімдеу алымдары мен төлемдері түпкілікті өнімнің өзіндік құнының 15 пайызына дейін жететін, ал Кеден одағының жаңа шарттары мүше елдердің кедендік бақылау пунктінің қай жерінен өткеніне қарамастан кез келген тауардың Кеден одағының тауары мәртебесіне ие болуына мүмкіндік берді.

Негізгі өткізу нарығынан қашықтағы ел үшін өте маңызды ортақ инфрақұрылымға тең қолжетімділік белгіленуі сөзсіз артықшылық болды. Ресейдің ішкі тарифтеріне қолжетімділік қазақстандық кәсіпорындардың көлік шығындарын елеулі қысқартуға мүмкіндік береді, қазақстандық өндірушілердің табысын ұлғайтады, газтасымалы инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға мүмкіндік береді. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудың ең басты нәтижесі даму үшін мүмкіндіктің пайда болуы және біздің елдеріміздің экономикасы мен экспортының шикізатқа бағдарлануын еңсеру, қатысушылар арасындағы шаруашылық байланыстардың нығаюы, инновациялық экономикаға көшуді қамтамасыз етуі болды. Кеден одағына енген елдердегі шаруашылық құрылымдарын әртараптандыру деңгейі жоғары болған сайын бұл мүмкіндіктер де шапшаңырақ бел ала береді.

Тарифтік баждарды алып тастау, сондай-ақ Ресеймен саудада доллардан тәуелсіздік Қазақстанға американдық және еуровалюталар нарығындағы дағдарысты жағдайларға қарамастан ресейлік қымбат емес импортты алуға мүмкіндік береді. Кеден одағына қатысу Қазақстан үшін де, сондай-ақ Ресей мен Беларусь үшін де алдағы онжылдықта бірқатар экономикалық тиімділікке қол жеткізетіні ерекше назар аударуға тұрады.

Бұл бірлестік жаңа сауда жолдарын құруға, мемлекеттер арасындағы көптеген экономикалық кедергілерді жоюға жәремдеседі, ал тауарлардың еркін қозғалысы елдер ішінде де және одан тыс жерлерде де бәсекелестіктің өсуіне әкеледі. Елдер арасындағы сауданы жеңілдету мақсатында Ресей мен Қазақстан арасындағы жаңа экономикалық, еркін байланыстардың құрылуы одақ елдерінің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолындағы негізгі басты артықшылық болмақ. Одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына енген жағдайда әлемдік нарықта еркін, экономикалық жағынан тиімдірек сауда жүргізу құқықтарын бірлесе қорғайтын болады. 2010 жылы қатысушы елдер үкіметтері әкімшілік кедергілерді төмендету және тауарлардың еркін жылжуы жөніндегі жоспарларын жасады. Сөйтіп, қатысушы елдердің қатардағы тұтынушысында неғұрлым сапалы және арзанырақ өнімге қол жеткізу мүмкіндігі пайда болды.

Бұдан әрі экспорттаушылар мен импорттаушылардың техникалық регламенттеріне жаңа талаптар енгізіледі, яғни, сертификаттау және сынақ зертханалары бойынша органдардың бірыңғай тізілімін, мемлекетаралық стандарттар негізінде тауарларды сертификаттаудың және декларациялаудың бірыңғай нысанын құру жоспарлануда. Сондай-ақ тіркелген сертификаттар мен декларациялардың барлық түрі туралы ақпараттармен қатар, қауіпті өнімдер пайда болған жағдайда да ортақ ақпараттық жүйе құрылады. Кеден одағы жұмысының оң бағыттарының бірі түпкі тұтыну тауарлары өндірісі нарығындағы жоғары бәсекелестікке орай қатысушы-елдердің шикізаттық бағдарлануын одан әрі еңсеруі болмақ. Сондай-ақ отандық өндірушілердің әлеуетін арттыруда басқа сапасы төмен импорттық тауарлармен салыстырғанда өз тауарларымыз арасындағы бәсекелестікті жұмсартудың маңызы зор болмақ.

2011 жылғы 1 қазаннан бастап Кеден одағы елдерінің дәрі-дәрмек құралдары мен фармацевтика өнімдері импортын лицензиялау алынып тасталды, бұл дәрілік заттарды жеткізу кәсіпорындарына әкімшілік жүктемені төмендетуге, Қазақстан халқының дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін жақсаруға мүмкіндік береді.

Жұмыс күштеріне қатысты айтар болсақ, Кеден одағы елдері заңнамаларындағы ұлттық еңбек нарығын қорғау бойынша шектеулерді алып тастау ғана одақ жағдайында Бірыңғай экономикалық кеңістік азаматтары-қызметкерлерінің еңбек нарығына тең қолжетімдігін қамтамасыз етеді.

2013 жылы қатынастар түрі бойынша (импорттық, экспорттық және ішкімемлекеттік) тарифтерді біріздендіру жүйесі енгізілді. 2009 жылдың қорытындысымен баждан Қазақстанның кірісі 97 миллиард теңгені құраған болса, одақ құрылған сәттен бастап, бұл көрсеткіш екі есе ұлғайды.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның Кеден одағын қалыптастыруға қатысуы ең алдымен Қазақстанды жеделдете индустрияландыруға және өнеркәсіпті дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірілетін өнімдердің түрлерін көбейтіп, сапасын арттыруға жол ашады. Сондықтан да Кеден одағына қатысу республиканың индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сай келеді. Сөйтіп, Қазақстанның Кеден одағына қатысудағы негізгі оң көрсеткіштерінің дамуда жақсы перспективалы бар екені күмінсіз, оның жақсылық жағы басым, бізде транзиттің неғұрлым оңайлатылған нұсқасы пайда болады және негізгі тауарларымызды Еуроодақ пен Ресей тұтынушыларына жеткізуге жол ашылады. Инвестициялар ағыны және озық технологияларды тарту артады, Қазақстанның әлемнің барынша дамыған бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруінің шаңшаңдатылуына жаңа алғышарттар жасалады. Е.Мұхамеджан, К.Дусанов