Қазақстанның кейбір қалаларында жылу желілерінің жұмысы өткір күйінде қалып отыр

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат -Қазақстанның кейбір қалаларында жылу желілерінің сенімді қызмет етуіне қатысты мәселе өткір күйінде қалып отыр.

Бүгін Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай мәлім етті.

«Былтырғы жылыту маусымында жарылу салдарынан Алматы, Петропавл, Орал және басқа да қалаларда тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету шектелген еді. Соған байланысты әкімдіктерге жылу қысымының сынақтарын өткізуді дер кезінде қамтамасыз етіп, ондағы «осал» тұстарды анықтап, бірден жоюды тапсырған орынды деп санаймыз», - дейді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, жылу желілерінің басты проблемаларының бірі қондырғылар паркін ұдайы арттыруға байланысты да орын алып келеді. «Дегенмен, Көкшетау, Жітіқара, Өскемен, Орал, Ақтау, Арқалық, Павлодар, Петропавл, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында жылу желілері бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстары әлі де төмен көрсеткішке ие болып отыр. Жөндеу жұмыстарының мұндай қарқыны сақталса, алдағы уақытта тозығы жеткен жылу желілерінің саны арта береді», - деді Б. Жақсалиев.