Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген Қобыланды батыр кесенесі жөнделіп жатыр
Қазақстанның киелі жерлер тізіміне Ақтөбеден 4 нысан енгізілді. Олар: Абат-Байтақ кесенесі (ХІV-ХV ғғ.), Қобда ауданы Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр мемориалды кешені, Әйтеке би ауданы Толыбай ауылы маңындағы Әбілқайыр ханның Хан моласы мемориалдық кешені, Есет батыр Көкіұлы кесенесі (ХVІІІ ғғ.).
«Қобыланды батыр мемориалды кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Абат Байтақ кесенесінің аумағы қоршалады. Сонымен қатар, биыл Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына орай 22-23 қыркүйекте «XVII-XVIII ғғ. қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының рөлі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізіледі», - деді Ақтөбе облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар бастармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан. Қобыланды батыр кесенесіне апарар жолға күрделі жөндеу, Абат Байтақ кесенесі бағытындағы жолға шағын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы мен тарихи-өлкетану музейі Білім және ғылым министрлігіндегі Ғылым комитетінің Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп қазба жұмыстары жалғастыруда. Шалқар, Байғанин аудандарындағы орта ғасырлық және ерте темір дәуірі ескерткіштеріне ғылыми зерттеу жасалмақ. Жоспар бойынша Байғанин ауданындағы археологиялық ескерткіштердің анықтамалығы шығарылады.
«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында өткен жиын кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының іске асыру жолдары тыңдалды. Жиын кезінде Есет батыр Көкіұлына, мемлекет қайраткері, заңгер Нағашыбай Шәйкеновке, Жалаңтөс Баһадүрге және Дербісәлі Беркімбаевқа ескерткіштер орнатылатыны белгілі болды.