Қазақстанның кино саласындағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды - ресейлік актер Эвклид Кюрдзидис

; АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстан кинематографиясының болашағы зор және Қазақстанның кино саласындағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды.

Бұл туралы бүгін Алматыда «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивальдің құрметті қонақтарының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, кино және театр актеры Эвклид Кюрдзидис мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бүгінгі күні мүлдем кино түсірмей жатқан Балтық жағалауы елдеріне қарағанда Қазақстан өте көп кино түсіруде. «Дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда кино өндірісі қарқынды дамып жатыр. Және жас кино мамандарының талпынысы артқандығы байқалады. Қазір бұл дағдарыс әсіресе, биылғы - 2010 жылы бәріне қатты тиюде. Біз дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып жатқанда, Қазақстан бұл жағдайдан шығып үлгерді», деп атап өтті Эвклид Кюрдзидис.

Ол сонымен қатар, «Жақсы кино - жақсы жазылған сценарийден туады. Менің ойымша, жақсы сценаристер Қазақстанда бар. Мен жақында Ресейде қазақстандық туынды «Қош бол, Гүлсары» фильмін көрдім. Маған өте қатты ұнады. Жалпы мен қазақ киносын жақсы көремін», деді актер.