Қазақстанның көлік полицейлері мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтеді
Бұл «Отан қорғаушылар күні» және «Жеңіс күні» мерекелерімен байланысты қолға алынған шара. Бұл туралы департамент бастығы Оңал Бекеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, мереке күндері әуе және теміржол көлігіндегі жолаушылар ағыны екі есеге артады. Осыған байланысты, көлік полицейлері құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізеді.
Ведомство басшысы өз сөзінде кинологтардың да қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, тұрақты түрде перрондарды, вокзалдар мен әуежайлардағы барлық багаж бөлімшелерін, сақтау камералары мен күту залдарын тексеретіндігін жеткізді.
«Көлік полициясы азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және өз мүліктеріне мұқият болуға шақырады»,-делінген Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.