Қазақстанның компаниялары Jumore.com сауда алаңына тегін шыға алады - «Атамекен» палатасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында ашылған отандық тауар өндірушілердің көрмесі аясында шетелдік электронды сауда платформалары өз стендтерін ашты. Сол арқылы қазақстандық кәсіпорындар көрші елдердің нарығына шыға алады. Айта кеткен жөн, электронды сауда платформалары көрмеге алғаш рет қатысып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, Jumore.com электронды сауда платформасына 70-ке жуық қазақстандық компания өз тауарларын тіркеп үлгерді. Жылдың аяғына дейін бір мыңдай отандық тауар аталған платформаға шығарылады деген жоспар бар. Jumore.com - ол көтерме сауда алаңы. Ол жерде әлемнің 160 мемлекеті сауда-саттық жүргізеді. Ал ақшаның бір жылдық айналымы 200 млрд долларды құрайды. Сондықтан аталған платформа отандық тауар өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев «Ұлы Дала елі» форумының ашылу рәсімінде.

Оның айтуынша, Jumore.com платформасына тіркелу ақылы негізде жүргізіледі. Алайда Қазақстанның тауар өндірушілері жылдың аяғына дейін оған тегін тіркеле алады.

Айта кетейік, отандық тауар өндірушілердің көрмесі аясында «Zoodel» атты тағы бір электронды сауда платформасы да өз стендін ашты. Сол жерде барлық ақпаратты алуға болады. Көрмеге еліміздің 350 компаниясы қатысып жатыр. Олардың барлығы 6000 шаршы метрді алып тұрған екі үлкен залда орналасты.

https://kaz.inform.kz/news/otandyk-tauar-ondirushiler-korme-aymagyna-syymay-kaldy_a3049555