Қазақстанның Конституциясына Батыс сыншыл көзқараспен қараған еді- профессор Ж.Бұсұрманов
Іс-шара барысында еліміздің бас құжаты - Конституцияның демократиялық бастамаларды іске асырудағы рөлі, адам құқықтарын қорғау және Конституция нормаларын жетілдіру мәселелері талқыланады. Сондай-ақ Ата заңымызды әзірлеу жұмысына қатысқан профессор-ғалымдар осы тарихи күндерден естеліктер айтты. «1995 жылы біз Конституцияның жаңа нұсқасын қабылдаудың алдында екі референдум өткізген болатынбыз. Оның бірі Президенттің өкілеттілігін ұзартуға арналған болса, екінші референдум ел Конституциясын қабылдауды көздеген еді. Сол кезде Батыстың бірқатар елдері біздің бұл бастамамызды сынға алды. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Николсон БҰҰ-ның мінберінен сөйлеген сөзінде Қазақстанның бір жылда қатар өткізген екі референдумын сынға алып: «Онымен Қазақстан демократиядан екі қадамға шегінді», - деп айтқан болатын. Осыдан кейін көптеген халықаралық форумдар мен кеңестерде көптеген елдер АҚШ-тың ұстанымын қолдап, Қазақстанның Конституциясына жіті мән берген жоқ. Швейцария болса, жылына 20-дан астам референдумдар өткізеді. Неге оны демократиядан 20 қадамға шегінді деп сынамайды? Әрине, осының бәрі сол кездегі Батыстың кеңестік мемлекеттерге ұстанған саясатына тікелей байланысты болған. Сондықтан біз сан алуан жиналыстарда Ата заңымыз - Конституциямыздың мән-маңызын барынша ашып, оның болашаққа бағдар алған мазмұнын жан-жақты түсіндіруге тырыстық», - дейді профессор Жұмабек Бұсұрманов.