Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Астана түбінде құлаған Ми-17 тікұшағы «қара жәшігінің» құпиясын ашты

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 22 тамызда Астана түбінде құлаған Ми-17 тікұшағы «қара жәшігіндегі» жазбалардың құпиясын ашты.

Төрт әскери қызметкердің өмірлерін қиып әкеткен әуе апатының себептері туралы бүгін баспасөз конференциясы кезінде бұл оқиғаны тергеу бойынша комиссияның төрағасы, полковник Мұрат Қажымұратов баяндады.

«Ұшуды зерттеу комиссиясы тергеу нәтижелері бойынша апаттың себебін анықтады. Оған тікұшақтың сол жаққа өздігінен айналу режіміне өтіп, одан кейін салмақ түсетін бұранда дөңгелегі режіміне өтуі себеп болды», - деп түсіндірді ол.

 Соның салдарынан ережеге сай төмендеуден артық жылдамдықпен құлдилай қонған   тікұшақ қирап, жанып кеткен.

«Авиациялық техниканың жағдайы тікұшақтың апатына себеп емес, оның ұшуы заңды негіздерде болды», - деп қосты М.Қажымұратов.