Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі өндірісінің көлемі артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс өнеркәсіптік кешендегі 9 кәсіпорында технологиялық жаңғырту жүргізіледі. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Статистика көрсетіп отырғандай, өткен жылы біздің кәсіпорындарымыз жақсы жұмыс істеді. Қорғаныс өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2017 жылы 14 пайызға артты, ал экспорт 2 есеге ұлғайды», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, жұмыс істеген уақыт ішінде министрліктің күш-жігері саланы үдемелі дамыту үшін институционалдық және жүйелік жағдайлар жасауға бағытталды.

«2030 жылға дейін Қарулы Күштерді қайта қаруландыру және Қорғаныс өнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленді (Президент Әкімшілігіне енгізілді). Бұл біздің кәсіпорындарымыз бен зауыттарымызға не береді? Бұл құжатты қабылдау ұзақ мерзімді жобаларды түзуге , яғни өндірісшілерімізді әскери және қосарланған мақсаттағы өнімнің заманауи түрлерін игеруге бағдарлауға мүмкіндік береді», - деді Атамқұлов.

Оның атап өтуінше, таяу жылдары экспорттық әлеуеті бар өнімнің перспективалы түрлерін шығаруға басты назар аудара отырып, 9 кәсіпорында технологиялық жаңғырту жүргізу міндеті тұр. Алдағы жылға 2 кәсіпорынды жаңғырту жоспарланған.

«Дегенмен ұзақ мерзімге берілетін әрі арзан несиелердің және тетіктердің жоқтығы жүргізіліп отырған жаңғыртуға негізгі тәуекелдің бірі болып отыр. Даму институты немесе екінші деңгейлі банк белгілі бір шектеулерге байланысты қорғаныс өнеркәсіптік кешен саласын қаржыландырмайды. Сол себептен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс өнеркәсіптік кешен дамыту қоры құрылуда. Қор кәсіпорындарын қолдаудың пәрменді тетігі ретінде жұмыс істей бастауы тиіс», - деді министр.