12:09, 03 Сәуір 2009
Қазақстанның құқық қорғау органдары өз іштеріндегі кемшіліктерді жойып, халықтың сеніміне ие болуға тырысулары керек - Елбасы
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанның құқық қорғау органдары өз іштеріндегі кемшіліктерді жойып, халықтың сеніміне ие болуға тырысулары керек.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында құқық қорғау органдарындағы бірқатар тағайындаулардан кейін сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Құқық қорғау органдары өз жұмыстарын рет-ретімен атқарып жатыр. Дегенмен, қазіргідей қиын-қыстау жағдайда құқық қорғау жүйесінің алдында тұрған міндеттер ерекше. Олар өздерінің ішіндегі кемшіліктерді жойып, өз істерінде таза болуы тиіс. Олар халыққа жақын болып, халықтың сеніміне ие болуға тырысулары керек», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.Сонымен қатар, Президент құқық қорғау жүйесіндегі кадрларды жөндеу мәселесіне ерекше назар аудартты. «Құқық қорғау органдары өз араларында бір-бірімен келісіп, ел үшін қызмет істеулері керек. Сондықтан мен осындай шешімдер қабылдадым», деді Елбасы құқық қорғау жүйесінде жасалған бірқатар тағайындауларға қатысты айтқан сөзінде.