Қазақстанның күнбағыс тұқымына, ұн мен астығына экспорттық сұраныс артады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның күнбағыс тұқымына, ұн мен астығына экспорттық сұраныс артады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімм етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәл қазіргі уақытта күнбағыс тұқымына, барлық майлы дақылдарға, бидайға, ұнға және одан жасалатын барлық өнім түрлеріне сұраныстың артатындығына батыл болжам жасай аламыз. Біздің міндетіміз – осы сұранысқа дайын болу және ең алдымен қазақстандықтардың өзіндік тұтынуын толығымен қамтамасыз ету үшін үлкен көлемде өндіру әрі артық өнімді шетелге шығарып, экспорттау», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, күнбағыс майының, дәнді дақылдардың, сонымен қатар ұнның бағасы қымбаттап келеді.

«Осы орайда баға өсімі біздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолайлы болмақ. Биыл біз жағдайды, қолайлы конъюктураны және Қазақстанда шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі тобының бағасы өсіміне қатысты болжамды барынша тиімді пайдаланып қалуымыз қажет. Барлық алаңды мүмкіндігінше игеріп, мол өнім алуымыз керек. Барлық агротехнологиялар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тиімді пайдалана отырып, биыл мол табыс табуға өте жақсы мүмкіндік бар», - деді ол.

Сонымен қатар министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай Германиядағы күнбағыс майының күрт қымбаттауына қатысты пікір білдірді.

«Ең алдымен өз нарығымызды молықтырып алуға тиіспіз. Бірінші міндет – мұндай жағдайдың Қазақстанда қайталанбауы, елімізде күнбағыс майының 2-3 есе қымбаттамауы. Бұл ретте егер күнбағыс тұқымын өндірушілерді шамадан тыс қысып жіберсек, онда олар келесі жылы сеппейді. Біздің міндетіміз – күнбағыс майы мен күнбағыс тұқымын өндірушілердың ымыра табуы және бағаның Қазақстанның ішінде жоғары болмауы, сонымен қатар бұл бағаның зауыттың да, күнбағыс тұқымын өндірушілердің де кірістілігін қамтамасыз етуі. Болжамға қарағанда биыл күнбағыс тұқымы себілетін алаң, шаруашылықтар артып келеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ербол Қарашөкеев.