Қазақстанның құрметті журналисінің жаңа жинағы жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Журналистика - қиындығы мен қызығы мол, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Себебі, БАҚ халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес.

2011 жылдан бері елімізде 28 маусым - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні кәсіби мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіледі.

Осы орайда, жақында Мәскеудің «Әлем халықтарының тілдері» баспасынан қазақстандық белгілі қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменшенің «Сырдесте» деп аталатын жаңа жинағы жарық көрді.

Автор бұл еңбегінде тағылымды тарих, ұрпақ жалғастығы, қанаттас қаламгерлер хақындағы өнегелі деректерді ой таразысынан өткізіп, қас-қағым тіршіліктің сыралғы суреттерін сөйлетеді; тілге, әдебиетке, баспасөз шежіресіне қатысты ғылыми пікірлерін ортаға салады.

Деректі әңгіме және көркем эссе үлгісінде жазылған «Ұстазға хат», «Дос дидары», «Жақсылық жолы», «Төрт тәмсіл», «Жазу тілі», «Тілдің гүлі», «Сақнама» және т.б. еңбектері оқырманды бейтарап қалдырмайтыны сөзсіз.

Серікқали Байменше - қазақстандық белгілі қаламгер, ғалым-дипломат, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистика академиясының академигі жəне жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» дипломының иегері, Ресей Аудармашылар одағының мүшесі.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінің тарихына тоқталар болсақ, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері Қазақстанның журналистикасы күні 10 мамырда атап өтіліп келді. Себебі, 1870 жылы дәл осы күні қазақ тіліндегі алғашқы басылым - «Түркістан уәлаяты газетінің» алғашқы саны жарық көрді.

1997 жылдан бастап журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң («Баспа және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚазКСР-і Заңы) қабылданған күнді (28 маусым) негізге ала отырып, тілшілер мерекесі маусымның соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді.

2011 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын бекітті. Осы құжатқа сәйкес, 28 маусым - Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді.