Қазақстанның күш-қуат құрылымдары мен шұғыл әрекет ету қызметтері Азиада-2011-ге дайындық үстінде
22:14, 18 Маусым 2010
ЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Бүгін Алматы маңындағы "Медеу" спорт кешенінде барлық күш-қуат құрылымдары мен шұғыл әрекет ету қызметтерінің бөлімшелері "Қорғау-Лаңкестікке қарсы-2010" республикалық лаңкестікке қарсы жедел тактикалық жаттығуларды аяқтады, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
ҰҚК таратқан хабарламаға сәйкес, жаттығулар 2011 жылғы жетінші қысқы Азиада ойындары өткізілетін спорттық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындық мақсатында ҰҚК лаңкестікке қарсы орталығының мұрындық болуымен өткізілді.
Жаттығулар кезінде республикалық және қалалық жедел штабтар, ҰҚК, Президенттің күзет қызметі, ІІМ, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі мен басқа республикалық және жергілікті атқару органдары бөлімшелерінің шешімдері мен өзара іс-қимыл тетіктері пысықтады.
Азиада-2011 дайындық барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Азиада Астана мен Алматы қалаларында 2011 жылдың қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында өтеді.