Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесін ІІМ-ге өткізу үдерісі аяқталды - ІІМ

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесін Әділет министрлігінің құзырынан Ішкі істер министрлігіне өткізу жұмыстары аяқталды.

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесін Әділет министрлігінің құзырынан Ішкі істер министрлігіне өткізу үдерісі аяқталып қалды десе де болады, қазіргі уақытта техникаларды беру сынды жұмыстар жүруде», - дейді Н. Ораз.

Еске сала кетейік, қылмыстық атқару жүйесі Әділет министрлігінің қарауына 2002 жылы өткен болатын.

«Алайда Әділет министрлігінің құрамында болған кезде қылмыстық атқару жүйесіндегі ахуал түзелген жоқ, керісінше нашарлап кетті. Сотталушылардың өз-өздеріне қол жұмсау оқиғалары, билікке бағынбаушылық фактілері күннен күнге көбейе берді. Ахуалдың ушыққаны сонша, соңғы екі жылда бірнеше рет түрмеден қарулы қашу оқиғалары орын алды. Бұл келеңсіздіктер Әділет министрлігі қылмыстық атқару жүйесін өз құзырына алғалы бері түзету мекемелеріндегі криминогендік ахуалға шамасы келмегендігін көрсетеді», - деп атап өтті ресми өкіл.

Оның айтуынша, енді бұдан былай Ішкі істер министрлігі тарапынан адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде сотталушылардың құқықтарын қорғау үшін бірталай іс-шаралар асырылады. «Біз ең алдымен халықтың сеніміне жұмыс жасаймыз. Полиция - он жыл бұрынғы полиция емес, сондықтан ең басты мақсатымыз - сотталушылардың құқықтарын, бостандықтарын қорғауға бағытталады. Сонымен қатар қоса кететінім, біз сотталушыларды қадағалайтын қызметкерлердің үстінен Өзіндік қауіпсіздік басқармасы жұмыс істейді», - деді Н. Ораз.

Аталмыш басқарма қылмыстық атқару жүйесіне емес, тікелей ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің құзырында болады. «Егер сотталушылардың құқықтары тапталған фактілер анықталса, біз олармен қатаң күресетін боламыз», - деп түйді сөзін ресми өкіл.