Қазақстанның қылмыстық-құқықтық саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр - А. Шпекбаев

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның қылмыстық-құқықтық саласында үлкен өзгерістер болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер заңдылықты нығайту жолында елдің бұдан ары қарай дамуы үшін маңызды болып отыр. «Мәселен, жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодексті қабылдау, азаматтың құқын тиімді қорғауға мүмкіндік беретін қылмыстық сот ісінің қазіргі заманғы стандарттарын Қазақстанда енгізуге ықпал жасайды», - деп тоқталды А. Шпекбаев. Сонымен қатар ол қылмыстық үдерістің сотқа дейінгі кезеңінде азаматтардың конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін процессуалдық мәжбүрлеу шаралары соттық қадағалауға қойылатынын атап өтті.