ОРАЛ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында 24-26 қарашада өткізілген Қазақстанның қысқы арнайы олимпиадасында батысқазақстандықтар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, шорт-тректен Арсен Сәрсекенов 555 метрлік қашықтықта жеңімпаз атанса, 333 метрлік сында екінші келді. Заманбек Уап 555 метрлік қашықтықта бірінші, 1 мың метрлік сайыста екінші орынды иеленді. Гүлдерайым Қадемова 555 метрден, Збайда Ишанова 111 және 555 метрден қола жүлдегер атанды.
БҚО құрамасы шаңғы жарысынан да ерекше көзге түсті. Елена Шмыкова 500 метрлік сайыста чемпион атанса, 1 мың метрлік қашықтықта мәре сызығын үшінші болып қиды. Динара Жолдығұлова күміс және қола жүлдені олжалады. Сол секілді ерлер арасында Азамат Барақов 500 метрде екінші, 1 мың метрде үшінші орынды иеленді. Берік Жұмаев 1 мың метрден күміс, 500 метрден қола жүлдегер атанды. Ал эстафеталық жарыста БҚО құрамасы үшінші орыннан көрінді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).