Қазақстанның Қытаймен сауда статистикасындағы алшақтық проблемасы әлі шешімін тапқан жоқ - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытаймен сауда статистикасындағы алшақтық проблемасы әлі де әдістемелік жағынан шешім тапқан жоқ. Бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлімдеді.

«Қазақстан мен Қытайдың сауда статистикасындағы 5 миллиард долларға жуық алшақтық бірқатар жылдар бойы келе жатыр. Алшақтық себебі декларациялаудың анықтығына ғана қатысты емес. Басты себеп - біздің еліміз арқылы басқа елдерге кететін қытайлық экспорт. Мәселен, Қытайда бірінші құрлықтық шекара экспорт болып саналады. Ал Қазақстан үшін бұл әрине импорт емес, транзит», - деді Б. Сұлтанов.

Бұл ретте Қаржы министрі проблеманы шешу қажеттілігін де атап өтті. Оның айтуынша әдістемелік түсіндірулер болғандықтан, оны әдістемелік тұрғыдан да шешуге болады.

«Дегенмен, бұл - екіжақты, тіпті үшжақты мәселе емес. Өйткені, бұндай алшақтық Қытай мен біздің арамызда ғана емес, Кеден одағы мүшелерінің арасында да бар. Мәселен, Қытай мен Ресей арасындағы айырмашылық 6,9 млрд. долларды, ал Қырғызстанмен 4,1 млрд. долларды құрап отыр», - деді министр.

Айта кетерлігі, министрдің сөзіне қарағанда, Қытайдан импортталатын тауарлар бойынша бюджетке түсетін кедендік баждар соңғы бес жылда оң үрдіске ие бола бастаған.