Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған көрмесі ашылады

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Ертең Тәуелсіздік сарайында ЮНЕСКО Бас директоры И.Бокованың қатысуымен Мәдениеттер жақындасуының онжылдығын (2013-2022 жж.) ұлықтау бойынша өтетін Халықаралық форум аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған көрме ұйымдастырады.

Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрменің мақсаты - Қазақстанның бай материалдық емес мәдени мұрасын ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттау болып табылады.

Көрмеден ою-өрнектермен безендірілген киіз үйлерді, қолдан жасалған ағаш жиһаздарды, ұлттық музыкалық аспаптарды, қару-жарақ пен әбзелдер, ыдыстарды тамашалауға болады. Қонақтар ұлттық тағамдар мен сусындардың дәмін татып көре алады. Қымыз сапыру көрсетілімі арнайы ұсынылады. Көрменің ерекшелігі: қолданбалы өнер көрмесі қойылып, шеберлер қолөнер бұйымдарын - басқұр тоқу, сырмақ сыру, кесте тігу, кілем тоқу, білезік соғу, қыш-құмыра жасаудың дәстүрлі техникаларын (шеберлік сыныптар) көрсетеді.

Сахнада айтыскер ақындар, ұлттық аспаптарда орындайтын дәстүрлі әншілер мен күйшілер, фольклорлық-этнографиялық ансамбль, би ұжымдары өз өнерлерін паш етеді.

Сонымен қатар, көрмеге Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына арналған фотосуреттер мен кітаптар («Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан этнография, археология, салт-дәстүр сериялары, «Бабалар сөзі» жинақтары т.б.) қойылады.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» конвенциясына 2011 жылы қосылған. 2013 жылы Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО әзірлейтін Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне төрт мұра жолданды. Олар: қазақтың дәстүрлі домбыра күйі, айтыс өнері, киіз үйді дайындаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары және Наурыз мейрамы.