Қазақстанның мемлекеттік борышы көп емес - Тимур Сүлейменов
12:28, 16 Қараша 2022
АСТАНА. ҚазАқпарат –Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Астанада өтіп жатқан Стратегиялық бастамалар форумының кулуарында Қазақстанның мемлекеттік борышы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экономиканы монополиясыздандыру жұмысы жүріп жатыр, комиссия есебін беріп тұрады. Сіздің сұрағыңызды жақсы түсініп тұрмын. Өзім де осы елдің азаматымын, осында туып- өстім. Әрдайым осы елде тұра беремін. Менің де күтіп жүрген белгілі бір дүниелерім бар. Мен де кейбір нәрселердің жылдамырақ істелгенін қалаймын. Бүгін айтқан дүние ертең істеліп тұрса...Бірақ, мемлекеттік басқару, экономика, әсіресе нарықтық экономика күрделі процестерден тұратынын түсінетін шығарсыздар. Сондықтан жұмыс істеліп жатыр. Бірақ кейбір дүниелерді әлдеқайда тиянақты, ұқыпты істеу қажет», - деді ол БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.
Президент Әкімшілігі өкілінің айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік борышы халықаралық стандарттан әлдеқайда төмен.
«Өздеріңіз білетіндей, біздің мемлекеттік борыш көп емес. Жалпы ішкі өнімнің 27 пайызына тең. Ал әлемдік жалпы стандарт – 50-60 пайыз», - деді Тимур Сүлейменов.