Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сәрсенбі күні Қытай Сыртқы істер министрі Ян Цзечимен кездесті. Әңгіме барысында Ян Цзечи, мемлекет басшыларының жетекшілігімен біздің елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестіктің белсенді дамып, жаңа мазмұнмен толығып отырғанын атап көрсетті. Тараптар екі елдің қарым-қатынастарына қуатты серпін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың сәуір айындағы Бейжіңге сапарының қорытындысына жоғары баға берді. Қанат Саудабаев Қытаймен ынтымақтастық Елбасының маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын атап көрсетті.
«Біз саяси серіктестікті де, сауда-экономикалық байланыстарды да әрі қарай дамытуға мүдделіміз», деп мәлім етті Қ.Саудабаев.
Министрлер сондай-ақ өзара іс-қимылдардың ағымдағы деңгейіне, энергетикалық салада жүзеге асырылып жатқан жобаларға терең қанағаттарлық сезім білдірді. Қытай беріп отырған 10 миллиард доллар көлеміндегі қаржының елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға тиімді жұмсалуының маңыздығы айтылды. Осы тұрғыда ШЫҰ-ға мүше елдер үкіметтері басшыларының қазан айында Бейжіңде өтетін кездесуінің маңыздылығы атап көрсетілді. Ол басқосуға Қазақстанның Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуы жоспарланған.
Кездесуде сондай-ақ тамыздың 29-ын Ядролық қарудан азат әлемнің халықаралық күні деп жариялау туралы Қазақстан Президентінің бастамасы да сөз болды. Жақын арада сәйкес қарарды Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарауына енгізеді.
Қ.Саудабаев сондай-ақ Еуропалық комиссияның Сыртқы істер жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Вальднер ханыммен де кездесті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен тұста Австрияның сыртқы саясат ведомствосын басқарған Бенита Ферреро-Вальднер, Қазақстанның төрағалыққа өтінішін қолдаған, біздің еліміздің алдында тұрған ығыттарға түсіністік білдірген еді. Сонымен бірге, ұйымға төрағалық ету - республика үшін өзін таныстырудың, ұйым мен оның мүшелері үшін пайдалы істер атқарудың бірегей мүмкіндігі екендігін атап өткен. Еуропалық Комиссия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындығы аясында өз тарапынан республикаға белсенді көмек көрсетіп отыр. Атап айтқанда, қазақстандық дипломаттар мен сарапшылар үшін екі семинар өткізілді. Қанат Саудабаев, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету - біздің еліміздің негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Қазақстан елдердің ұстанымдарын жақындастыру және қайшылықтарды барынша азайту үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы сондай-ақ Грузия, Латвия, Словения, Канада және Словакия елдерінің сыртқы істер министрлерімен, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Ауғанстандағы және Пәкістандағы арнайы елшісімен кездесті.