Қазақстанның министрліктері мен ұлттық компанияларында ғылыми-техникалық бөлімшелер құру қажет - Мемлекет басшысы

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Елдің барлық компаниялары, әсіресе инвесторлар, заңнамалық деңгейде өз пайдасының бір бөлігінен инноовацияға, ғылыми жасалымдарға, қызметкерлерді оқытуға қаржы бөлулері тиіс.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де лекция оқыған кезде айтты.

«Біз заң жүзінде, кім болсаң да, қандай компанияда, қай елден болсаң да, өз пайдаңнан инновацияға ақша бөл деп айтуға тиіспіз. Ешқандай бизнес инновацияларсыз дами алмайды. Бизнес дамуға ақша салуы тиіс, ал сіздер, ғалымдар, не керек екені жөнінде тапсырыс берулеріңіз қажет және сіздер бірлесе жұмыс істеуге тиіссіздер»,  деді Елбасы ғалымдарға қарата айтқан сөзінде.

Елбасы ҚР Үкіметінің алдына инновациялық қызметті оңтайландыру міндетін қойды. «Ең алдымен, білім технологиялары трансфертінің кешенді жүйесін құру, инновациялық-технологиялық дамуды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажет.  Ол үшін салаларда, министрліктерде, ұлттық компанияларда ғылыми-техникалық бөлімшелер құру маңызды, барлық жүзеге асырылатын және жоспарланған жобаларға талдау жүргізетін жауапты адамдар тағайындау қажет. Министрлер орынбасарларының және компаниялар басшыларының бірі ғылымға жауап беріп, соңғы кезде ол не енгізгені туралы есеп беріп отыруы тиіс», - деді Н.Назарбаев.